Абай облысында 6 мыңнан астам азамат банкроттық рәсіміне өтініш берген 2025-03-06 08:15:57

Бұл туралы Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Ұлан Бакиров хабарлады.
Абай облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Ұлан Бакиров банкроттық рәсімдеріне енгізілген өзгерістер мен олардың аймақтағы жүзеге асырылу барысын түсіндірді.
2024 жылдың 19 маусымында Мемлекет басшысы қаржы нарығын реттеу, қарыз алушылардың құқықтарын қорғау және банкроттық рәсімдерін жетілдіру жөніндегі заңға қол қойды. Осыған сәйкес "Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы" заңға бірқатар маңызды түзетулер енгізілді. Өзгерістер 2024 жылдың 25 тамызынан бастап күшіне енген болатын.
- Бұл өзгерістер азаматтардың қаржылық қиындықтарын шешуге көмектеседі. Енді төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімі жеңілдетілді. Егер борышкердің тұрақты табысы болса, бірақ мүлкі жоқ және мерзімі өткен міндеттемелері тіркелмеген болса, ол банкроттықтың орнына төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін қолдана алады. Бұдан бөлек, рәсім бекітілгеннен кейін борышкерге шетелге шығуға рұқсат беріледі, – деді Ұлан Бакиров.
Бүгінде "Qoldau" банкроттық жүйесіне келіп түскен өтініштер бойынша 6 081 адам банкроттық рәсіміне жүгінген. Оның ішінде 4 086 өтініш қанағаттандырылмаған.
"Өтініштердің басым бөлігі борышкердің мүлкінің болуы, қарыз сомасы мен төлемеу мерзімінің талаптарға сәйкес келмеуі, кредитормен қарызды реттеу әрекеттерінің болмауы сияқты себептермен қабылданбады", – деп түсіндірді Ұлан Бакиров.
Сондай-ақ, сот банкроттығы рәсімі бойынша 43 өтініш түсіп, оның ішінде 2 өтініш сот шешімімен мақұлданған. Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімі бойынша 16 өтініш беріліп, оның 4-еуі қанағаттандырылған.
- Аталған түзетулер қаржылық қиындыққа тап болған азаматтардың құқықтарын қорғау және оларға заңды негізде көмек көрсету мақсатында енгізілді. Сонымен қатар банкроттық рәсімін қолдану белгілі бір шектеулерді қамтитындықтан, азаматтар өтініш бермес бұрын барлық талаптарды мұқият зерделеуі қажет, – деп атап өтті Ұлан Бакиров.
Сурет: ашық дереккөздерден
Похожие материалы

Абай облысында полицейлер 10 млн теңгенің есірткісі бар қойманы анықтады 2025-03-06 08:15:572025-03-06 08:15:57
02.10.2024 12:26