ШҚО-дағы Мариногорка орта мектебінде жылыту маусымы кезінде тұрғындарды алаңдатқан бірнеше жағдай байқалды. Салынғанына жарты ғасырға жуықтаған мектеп қазандығы төтенше жағдай мамандарының ұйғарымымен апаттық жағдайда деп танылған, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Мұнымен қатар, қазандық тұрған нысанның ішінде қауіпсіздік талаптары да сақталмаған. Самар аудандық білім бөлімі өкілдері мектепті жөндеуден өткізуге құзырлы орган тарапынан ұйғарым бар деп сендірді.
«Қазан айының 15-нен бастап от жағу маусымы басталады. Оған дейін тиісті жұмыстар тәмамдалып қалар. Жылыту қазандығы 2011 жылы ағымдағы жөндеуден өтіп, бір қазандық пен бір сорғы ауыстырылды», – деді шенеуніктер.
Ауыл тұрғындары ұсынған сурет
Ресми ақпаратқа сүйенсек, 2021 жылы да дәл осындай жұмыс атқарылған. Тұрғындар мұның алдында «жағдай реттеледі» деген уәдені талай рет естігендерін айтты. Шенеуніктер берген жауап – тиісті қаржы бөлінбеді. Лажсыздан ескі қазандықтарды қайта іске қоспақ, себебі мектепте басқа балама жылыту көзі жоқ. Қазандық тұрған нысан іргесіндегі бірнеше сыныпқа түтін кіреді екен. Мектеп басшылығы оқушыларға иіс тиіп қалмасын деп аталған сыныптарды уақытша жабуға шешім қабылдаған.
«Өзіміз байқап жүргендей, Талғат есімді азамат оттың бәрін қолмен жағады. Жұмысы өте ауыр. От жаққан кезде тұтас ауланы түтін басады. Сенесіздер ме, қазандықтың есігі де жабылмайды. Қаржы бөлініп, жөндеу жүргізілсе, оған да, мектеп ұжымына да жеңіл болар еді», – деді Серік есімді осы ауылдың тумасы.
Бұл мәселені шешуге 80,3 млн теңге мөлшерінде жобалық-сметалық құжаттама әзірленгені анықталды. Аудандық білім бөліміндегілердің ақпаратынша, биыл қазандықты жөндеуге 4,2 млн теңге қаржы бөлінді.
«Қазан айының ортасына дейін жұмыс тәмамдалуы тиіс. Ол уақытқа жеткізбей қазандықтың отқа төзімді кірпіштері мен сорғыны ауыстыру, желдету жүйесін ауыстыру, сонымен бірге сыртқы сору құбырын жөндейміз. Жалпы, ағымдағы жөндеуге бөлінген сома жеткілікті», – деді әкімдіктегілер.
Қазір мұнда 100-ден астам оқушы білім алуда. Мектептің көмір сақтайтын қоймасы жоқ. Ішінен бөлек, білім ошағының сырты да тозып тұр. Өткен жылы бірінші қабатының терезелері ауыстырылған екен, мердігер бірнеше терезенің жақтауларын дұрыс жаппаған.
Ата-аналар тарапы былтыр ғана қайта құрылған Самар ауданында оң өзгерістер байқалмай тұрғанын жасырмады.