Қазақстан жер қойнауын пайдалануда жүйелі кемшіліктерге тап болды 2025-07-21 17:48:12
Қазақстанда жер қойнауын пайдалану саласында қағазбастылық пен өзге де жүйелі кемшіліктер анықталды, деп хабарлайды LS Жоғары аудиторлық палатаға сілтеме жасап.
Палата мәліметінше, бұл мәселелер пайдалы қазбалар кешенін басқару үдерістерімен байланысты.
Расталған ресурстардың сарқылуы аясында экономикалық айналымға тартылмаған, тек алдын ала бағаланған, бірақ расталмаған қорлардың үлесі жоғары. Қорлардың азаюы, ең алдымен, жер қойнауын геологиялық зерттеуге жеткілікті қаржы бөлінбеуімен байланысты.
"Барлау құқығына лицензиялық жүйе енгізілгеніне қарамастан, жер қойнауын пайдаланушылар тарапынан инвестициялық белсенділік төмен деңгейде қалып отыр",- деп атап өтті Жоғары аудиторлық палатада.
Сонымен қатар, мемлекеттік аудиторлар Индустрия және құрылыс министрлігі геологиялық мәліметтерді цифрландыру, деректердің цифрлық базасын құру, қорларды жаңарту және жекеменшік сектордың белсенділігін арттыру бойынша міндеттерді орындамағанын атап өтті. Заманауи қоймалардың болмауы геологиялық құнды мәліметтердің жоғалу немесе бүліну қаупін тудырады.
Мемлекет геологиялық материалдарды цифрландыру бойынша орындалмаған жұмыстар үшін 68,2 млн теңге төлеген. Бұл Геология комитеті тарапынан бақылаудың болмауы мен мердігердің келісімшарт міндеттемелерін адал орындамауына байланысты болған.
Аудиторлар сондай-ақ, Индустрия министрлігі жер қойнауын пайдаланушылардың жұмыс бағдарламаларына салықтық сараптамасыз өзгеріс енгізуге рұқсат беретінін сынға алды. Бұл компанияларға салықтық ережелерді өз қалауынша түсіндіріп, бюджетке төленуі тиіс салықтар мен басқа да төлемдерден жалтаруға мүмкіндік береді.
"Табиғи ресурстарға деген қызығушылық артқан тұста халықаралық стандарттарға сай жұмыс істейтін заманауи әрі сенімді зертханаларға сұраныс көбейіп келеді. Мұндай зертханалардың жеткіліксіздігі қымбат металдар мен шикізаттың экспортына бақылау жүргізу сапасын төмендетеді",- деп қосты палата өкілдері.
Жалпы аудит нәтижесінде 81 рәсімдік бұзушылық пен 16 жүйелі кемшілік анықталған. Тиісті ұсынымдар мен тапсырмалар берілді.
Анықтама
Қазіргі уақытта жер қойнауын пайдалану еліміздің жалпы ішкі өнімнің 20%-дан астамын қамтамасыз етеді. Қазақстан хром, темір кені, қорғасын, мырыш, мыс, уран, алтын, күміс және басқа да пайдалы қазбаларға бай.
Похожие материалы
Түркия компаниясы Қазақстанның алтын мен мыс кен орындарына инвестиция салуға ниетті 2025-07-21 17:48:122025-07-21 17:48:12
28.04.2025 10:36