Ресейдегі теракт: 15 жастағы қырғызстандық 100-ге жуық адамды құтқарып қалды 2024-11-24 19:16:14
Ресейлік Telegram арналары Мәскеу маңындағы Crocus City Hall концерт залында болған теракт кезінде 15 жастағы қырғызстандық Исламның ерлік әрекеті туралы жазып жатыр. |
Бұл туралы Azattyq Ruhy агенттігі Vesti.kg-ге сілтеме жасап хабарлайды.
Жасөспірім орталықтың гардеробында жұмыс істеп, табыс тауып жүрген. Теракт кезінде ол 100-ге жуық адамды ғимараттан аман-есен алып шыққан.
Журналистердің айтуынша, оқушының отбасы Қырғызстаннан Ресейге біраз уақыт бұрын көшіп кеткен. Ал Исламның өзі Ресейде туып-өскен.
«Адамдар топ болып бір орынға жиналып қалды. Әрине оларды түсінемін. Мен де бірден қашып кеткім келді, бірақ нұсқаулық бойынша жасауды жөн көрдім: үрейленген адамдарды дереу шығарып, соңынан бір-ақ шықтым. Осылайша, өзімнен кейін ешкімнің қалмағанына көз жеткізгім келді», — деді ол БАҚ өкілдеріне.
Исламның айтуынша, әкімшілік қызметкерлерге төтенше жағдайға арналған нұсқаулық берілген және ол бәрін нұсқаулық бойынша жасаған.
Лаңкестік әрекет пен соның салдарынан болған өрт кезінде Ислам жұртшылыққа жол көрсетіп, бағыт-бағдар берді. Көпшіліктің дәретханаға қарай тығырыққа тірелгенін байқаған жасөспірім эвакуация жүргізуді өз қолына алған. Ол адамдарды тар өткелден Экспо аумағына, одан әрі кеңсе ғимараты арқылы көшеге – қауіпсіз жерге шығара алды.
Ол бос уақытында гардеробта жұмыс істейді және футболдан «Спартак» балалар командасында ойнайды.
Тергеу комитетінің соңғы мәліметі бойынша, Мәскеу облысындағы Crocus City Hall концерт залына жасалған шабуылдан 133 адам қаза болды, 140 адам жарақат алды.
Осыған дейін 11 күдікті ұсталғаны, оның ішінде төртеуі шабуылға тікелей қатысы бары хабарланды.